«Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қоры»

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қоры» корпоративті қорымен бірлесіп жастар арасындағы экологиялық білімді жетілдіру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум - бұл университет пен қордың «Батыс Тянь-Шаньның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын басқару тиімділігін арттыру» жобасы бойынша грантты жүзеге асырудағы ынтымақтастығын анықтайтын құжат.

Осы Меморандум шеңберінде Университет, атап айтқанда, Экология кафедрасы  Батыс Тянь-Шандағы сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктер түрлері туралы мәліметтерді қамтитын материалдарды білім беру процесінде қолдануға және студенттер арасында әлеуметтік желілер арқылы таратуға көмектесуге және «Саябақтар маршы» - халықаралық акция аясында Түркістан облысында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) қолдау мақсатымен  студенттерді акцияға белсенді қатыстыруға міндеттенеді. Жоба аясында  Қор Сайрам-Өгем ұлттық саябағының буферлік аймағына жақын ауылдардың бірінде суды үнемдейтін технологиялар мен жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын қондырғылармен  экологиялық демонстрациялық алаңды жабдықтауға міндеттенеді.

     Бұл жоба «Экология» кафедрасының студенттері үшін сапалы білім алуда үлкен көмек болады.